Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  114


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ЕЙ, ЖОЛАУШЫ

Сұр дала да сұп-сұр болып тұр қала,
Бау-бақша жоқ, онда өскен ырғала.
Бейуақта сұңқылдаған сұмырай,
Байғыз үні естіледі бір ғана.
Жарық та жоқ, ол қалада басынан,
Арық та жоқ, сыңғырлап су тасыған.
Шөбі, гүлі оның көктеп сарғаяр,
Ауық-ауық төккен көздің жасынан.
Бұл қала да, сұр қала да мүлгіген,
Солып-семіп жатыр қанша гүлді рең.
Қаралы ару қара шәлі жамылған,
Жарына кеп, шерін басып тұр білем.
Ақ күмбездер ақ бұлттан бас алған,
Ескерткіштер мәрмар тастан қашалған.
Мәңгі ұйқыда жатқан ғазиз жандарды,
Мәңгі есте сақтау үшін жасалған.
Сырт айналып сұр даладан шошын ба?
Талай жанның қимастары осында.
«Жатқан жерің жайлы болсын» дегейсің,
Ей, жолаушы, бірер минут тосыл да.
Қорым-қорым обадан да шошынба,
Жатқан шығар мұнда бауыр, досың да.
«Топырағың торқа болсын» деген сөз,
Ей, жолаушы, естеріңде болсын да.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу