Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  87


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ЕЙ, АДАМДАР, ТІЛЕГІМ БАР СЕНДЕРГЕ

Ей, адамдар, тілегім бар сендерге,
Қамқорлық ет, қарайласқын кемдерге.
Ажыратқын ақ пен қара арасын,
Босқа күйіп болған аз ба шерменде?
Ей, адамдар, бір-біріңді жылатпа,
Қолдан келсе қолтықтағын, құлатпа.
Біреуге ор қазсаң өзің түсесің,
Жамандықпен жете алмайсың мұратқа.
Ей, адамдар, дарқан ойдың иесі,
Сүріндірмей бір-біріңді сүйеші.
Жағып кеткен адал жандар арына,
Арамзаның аз ба қара күйесі.
Ей, адамдар, тіршілікте сыйласқын,
Аспан асты, жер бетіне сыймас кім?
Қонақсыңдар бір-біріңе өмірде,
Өте шығар бастан әлі-ақ қимас күн.
Ақыл-оймен бар ғаламат жасалып,
Жатқан кезде, болмас іске қарасып.
Ей, адамдар, кесім айтпа асығыс,
Келетін бар «шаш ал десең,бас алып».
Ей, адамдар, ізгіліктен жаралған,
Аналардың ақ сүтінен нәр алған.
Бір-біріңе ойлай көрме жамандық,
Әркімде де жетем деген бар арман.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу