Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  122


Автор: Жарылқасын Аманұлы

БАЛАЛЫҚ ШАҚТАН БІР ЕЛЕС

Балалық шақтан бір елес
Көктемде, сонау көктемде,
Көлбеңдеп жатқан көк белге.
Көгілдір тартқан бөктерге,
Бөктерлеп бөкен желіспен,
Ары да бері өткенге.
Шексіз де сапар шеккенге,
Қараушы едім құмартып.
Жанарым жасқа мұнартып,
Жүрекке зілсіз мұң артып,
Жапанда жортқан бұл кім деп,
Соңынан шаңын шұбалтып?
Оттарға алыс жанатын,
Жетуге болмай қанатым.
Таусылып төзім, тағатым,
Кеш сайын шығып далаға,
Қараумен көзім талатын.
Мейман жоқ үйге қонатын,
Соғыстың кезі болатын.
Жайлауға еткен иелік,
Жапанда жалғыз үй едік.
Түнекке қарап түк көрмей,
Тізеге иек сүйедік.
Сағыныш жанын меңдеген,
Бейтаныс басқа елменен.
Алқалы топты көрмеген,
Беске де жасы келмеген.
Артынан қара ермеген,
Өзінен басқа баланың
Барына онда сенбеген.
Тылсымды қиял тербеген,
Шыбық ем жалғыз мен деген.
Сарыла қарап шексізге,
Келетін кім деп шөлдегем?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу