Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  99


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ӨЗГЕРІС ЖОҚ МЕНІҢ БАЙТАҚ ЖЕРІМДЕ

Өзгеріс жоқ менің байтақ жерімде,
Сау-саламат туып-өскен жерімде.
Болмағандай Шыңғысхан мен Батихан,
Болмағандай Ескендір де, Темір де.
Қалпында тұр өзен, көлім, тауларым,
Жайқалып тұр жасыл бақша, бауларым.
Ойран салған қасиетті жеріме,
Қайда сенің, қайда менің жауларым.
Шұбырынды ақ табан да болмаған,
Халық та жоқ қашып-пысып сорлаған.
Көрінбейді Қаратаудан асқан көш,
«Елім-ай!» – деп неге бірақ толғанам.
Ұмыт болды не бір хандық, патшалық,
Ғайып болды ғимарат та, тас та ағып.
Неге бірақ естен шықпай сол бір ән,
Айтқан сайын кетер көзден жас тамып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу