Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  81


Автор: Жарылқасын Аманұлы

АЙ ТУЫП, АЛАТАУДАН КҮН ШЫҒАДЫ

Ай туып, Алатаудан күн шығады,
Көкке тұр күміс шыңы ыршығалы.
Медеуді мерей болған жер жүзіне,
Көргенше көңілім менің тыншымады.
Тәжі оның – қонақ үйі Қазақстан,
Сом алтын, тәж жасалмас қола, мыстан.
Алдына тәжін қойып қарап отыр,
Соқты деп адам деген ғажап ұстам.
Шыршалар, денесінің түктеріндей,
Шоқылар, жинап қойған жүктеріндей.
Көк торғын тұман көйлек киіп алса,
Қалады түктерінен түк көрінбей.
Бұраң бел биші қыздар бұлақтары,
Әндетіп елге жетер жырақтағы.
Суырып анда-санда жарқылдатар,
Саят атты ақ семсерін қынаптағы.
Лайнерлер – көгіндегі қыран құсы,
Мінеді мыңдап, жүздеп бұған кісі.
Алатау күнде сонар жасап отыр,
Сөз емес күннің ашық, тұмандысы.
Бау-бағы – дастарқаны жиылмаған,
Жан бар ма тұз-дәмі бұйырмаған?
Кеп жатыр бар құрлықтың азаматы,
Тауым-ай, қонағы бір тыйылмаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу