Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  113


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ЖЕЛ ТҰРСА ҚАМЫС БАСЫ МАЙДА ДЕЙМІН

«Жел тұрса қамыс басы майда деймін,
Ат қостым, ат айдаушы қайда деймін.
Алдыңғы ат боран болмай, қылаң болды,
Құлагер жығылмаса қайда деймін?»
Аппақ шаң алдымда бұрқырайды,
Бөрібай «Құлагерлеп» шырқырайды.
Ақанның зарға толы даусын естіп,
Кейбірде сай-сүйегім сырқырайды.
Қанша рет күңіреніп төңірегім,
Қанша рет, кім біледі, еңіредім.
Бұл қайғы ерімейтін, мұзарт сынды,
Көңілімнен кетпей қойды тегі менің.
Замана туған талай Құлагерді,
Кем тумас Құлагерден мұрагерді.
Тап болып зымияндар қазған орға,
Көбісі соның бірақ құлап өлді.
Жақсылық жамандықпен жағаласып,
Өмірдің у мен балы араласып.
Күрделі жиырмасыншы ғасыр көші,
Ең соңғы биігінен барады асып.
Дүние күңіреніп, назаланып,
Құлагер жатар мәңгі азаланып.
Өмірде орны толмас бұл қайғыны,
Сан ғасыр санасына жазар алып.
Қалың шаң көз алдымда бұрқырайды,
Кім білсін, қай Бөрібай шырқырайды.
Үнді естіп аңыраған ауық-ауық,
Арса-арса сай-сүйегім сырқырайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу