Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  348


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ШҮКІРШІЛІК – КӨРСЕТКЕНГЕ, КӨРГЕНГЕ

Шүкіршілік – көрсеткенге, көргенге,
Қайтер едім түк те көрмей өлгенде.
Жаным ырза табиғатқа, тағдырға –
Көретін көз, сөйлейтін тіл бергенге.
Шүкіршілік – қосқанына қатарға,
Қатардан кем болсам, таңым атар ма?
Атым кетті ел аузында аңыз боп,
Жырым кетті жаңғырық боп жапанға.
Шүкіршілік – нәсібіңе шашылған,
Жан емеспін берекемді қашырған.
Кесірленіп көсіп тастап аяқты,
Бақыт құсын қуған жоқпын басымнан.
Шүкіршілік – бергеніңе беделді,
Құрмет-сыйға көңіл талай кенелді.
Ағайынға көрінсем де аласа,
Ойым, бойым,асқар тауға теңелді.
Шүкіршілік – бергеніңе ғұмырды,
Жеткізбестен жұла көрме жұлынды.
Қияға әлі ұшырғам жоқ қызымды,
Ұяға әлі қоңдырғам жоқ ұлымды.
Шүкіршілік бәріне де етемін,
Шүкіршілік етпей қайда кетемін?
Тасытсаң да, жасытсаң да, туған жер,
Сенің мәңгі құшағыңда екенмін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу