Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  80


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ҚАРЫМА ТАЛДАН ҚҰРЫҚ ІЛМЕДІМ БЕ

Қарыма талдан құрық ілмедім бе,
Жапанда жылқы бағып жүрмедім бе?
Қырық құлаш қыл арқанмен қауға тартып,
Ақжем ғып алақанды тілмедім бе?
Сары тон, саптама етік кимедім бе?
Құйрығын жүйріктердің түймедім бе?
Қаңтарда, қарлы түнде дала кезіп,
Тамыздың тамұғына күймедім бе?
Көзінен құралайдың атпадым ба?
Тақырға тұнған қақтан татпадым ба?
Тоқымды төсек етіп, желдігімді
Жастық қып құла түзде жатпадым ба?
Қалжырап қалғып кейде қара басып,
Қара жол сүрлеу тартып сан адасып.
Азық қып ақ малтаны жортпадым ба,
Сардала сағымына араласып.
Несіне құмар болдым мен қалаға,
Туған ем керуенді кең далада.
Құс салып, құмай ертіп, жүйрік мінген,
Япырм-ау, бір нәрседен кем қала ма?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу