Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  56


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ЫДЫРЫС САҒЫНТАЕВҚА

Ей, аға! Жаны жап-жас асқақ едің,
Алқынбай жетпіс деген жасқа келдің.
Ғылымның ғарышында жұлдызың тұр,
Тыңнан жол «тәуекел» деп бастап едің.
Ей, аға! Текті еді шыққан жерің,
Тәркі етіп текті сөзін жыққан ба елім.
Жарқылдап көп ішінде көзге түстің,
Болмапты ыққан жерің, бұққан жерін.
Пейілің көпке мәлім кең даладай,
Өсіпті пейіліңе ең қарағай.
Өзіңмен тел өскеннің ешбіреуін
Өзіңмен тұрмын кәзір теңгере алмай.
Бетке ұстар сендей ұлын туады елі,
Жауды да түкті жүрек қуады ері.
Кеудеңде сыңғырлаған орден, медаль,
Ерліктің өзің еткен куәгері.
Тәңірім талап берген, бақ та беріп,
Ғалым-ұстаз деп бірдей ат та беріп.
Той жасап дүмбірлетіп, күмбірлетіп,
Отырсыз бүгін жетпіс жасқа келіп.
Ей, аға! Жеттің арман дегеніңе,
Бұл кезің – келген шағың кемеліңе.
Төрт бөліп түн ұйқыңды жүз жас та да,
Сүңги бер тылсым өмір тереңіне.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу