Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  83


Автор: Жарылқасын Аманұлы

АЙНАЛДЫМ, АТА МЕКЕНІМ

Айналдым, ата мекенім,
Жыл құсы саған екенмін.
Қанатым талып жетемін,
Қия алмай қайта кетемін.
Жүрген соң сенен қиянда,
Қиянға салған ұямда.
Бабалар өткен бақ мекен,
Бірақ та сені қиям ба?
Қан тамған жерім кіндіктен,
Лебіңді сезем күндіктен.
Кінәлай көрме кетті деп,
Күнкөріс, күйбең тірлікпен.
Өзіңнен бойға дарыған,
Дарын бар, жоқпын арыған.
Өмір боп саған жалғасып,
Өлең боп сенен табылам.
«Туған жер – Қызылжарың деп,
Таза екен, ақын, арың», – деп.
Алда аға, артта іні жүр,
Қамқор боп менің қамым жеп.
Ақ тілек, ата қонысым,
Арысам, бергей қол ұшын.
Ақын ғып тудың сен мені,
Игі де ауыр жол үшін,
Айналдым сенен сол үшін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу