Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  91


Автор: Жарылқасын Аманұлы

САҒЫНЫШ

Сағынбас жан бар ма екен,
Сабатты сарыжайлауын?
Сағым боп қайда қалды екен,
Боталы аулым, тайлы аулым?
Бұлдырық болып көзіңнен,
Бұлдырап ұшып кеттім бе?
Алыстап бүгін өзіңнен,
Әбестік әлде еттім бе?
Алатау бауырын мекендеп,
Жүрсем де бақтың ішінде.
Мен саған қашан жетем деп,
Мен сені көрем түсімде.
Сұрамақ болсаң сыртымнан,
Мұндағы көңіл күйімді.
Қағаздан күнде жыртылған,
Бір жылдық отын үйілді.
Үлкейт деп, кітап көлемін,
Таласар шама жоқ менде.
Жыл бойы жазған өлеңім,
Бір, екі, үш парақ бопты әзер.
Алматы толған ақындар,
Есеп жоқ сыншы, ғалымда.
Бәрі де оттай лапылдар,
Бәрі де тұлпар бабында.
Бақытын қуған ұлыңның,
Әзірше халі осындай.
Шабар де әлі құлыным,
Шаңына-шаңы қосылмай.
Аман ба елдің қарттары,
Кім келді жаңа өмірге?
Қалайша сәби аттары,
Шетінен Болат, Темір ме?
Өткізген әкем жастығын,
Жазира жайлау аман ба?
Ел орып шөбін, астығын,
Сары аңыз шығар далам да.
Көкешім асқан таспа жол,
Көкпарды басып тақымға.
Көкешім жортқан қасқа жол,
Көмескі тартпай жатыр ма?
Бір сұрақ ойға тосын кеп,
Тұншықтым көздің жасына.
Топырағың торқа болсын деп,
Кім барды көкем басына?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу