Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  270


Автор: Жарылқасын Аманұлы

АРМЫСЫҢДАР, ЖІГІТТЕР

Армысыңдар, жігіттер, армысыңдар,
Аман-есен бәрің де бармысыңдар?
Менен ұшып сендерге қонақтайтын,
Сәлем атты кеудемде жыл құсым бар.
Жан құсымды жасқана қуалама,
Ізгіліктен қандай жан туады ада?
Сәлемдесіп біз түгіл Әпіләтім,
Басын иіп қол берген дуанаға.
Сәлемдесу бабадан мұра бізге,
Сәлемдессең гүл өсіп тұрады ізге.
Жау да болса жан іздеп жауаптасар,
Жалтақтапты батыр да құла түзде.
Сәлемдеспей кейбіреу шіренеді,
Көтерілсе өкшесі бірер елі.
Қошеметтің құлы боп жүрген байғұс,
Тұрғандай-ақ аспанды тірегелі.
Сәлемдескін, жігіттер, сәлемдескін,
Сәлем үшін сұрамас пәреңді ешкім.
Жылы қабақ танытып жай білгеннен,
Жазаланып кеткен жоқ әлемде ешкім.
Армысыңдар, жігіттер, армысыңдар!
Аман-есен бәрің де бармысыңдар?
Жасы үлкенге бас иіп сәлем беріп,
Сәлемдескен кішіңе алғысым бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу