Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  75


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ӘЛКЕН БЕГМАНҰЛЫ АЙДАРБЕКОВКЕ

Әлкенжан, биік екен парасатың,
Қасиет хан басыңа жарасатын.
Түйсіксіз топастарға – таудан биік,
Сыйласқан – бетегеден аласасың.
Алғыс ап үлкеннен де, кішіден де,
Аңыз боп тарап жатыр ісің елге.
«Ұлық болсаң, кішік бол» деген сөзді,
Ұлықтар өзің тендес түсіне ме?
Арнаңнан аспайсың да, таспайсың да,
«Тұр десе жер қозғалып» саспайсың да.
Бар екен қорғап жүрер киең сенің,
Түсіпсің «тәуекел» деп жастай сынға.
«Нұр жауар дейді халық талапты ерге»,
Қоңдырдың арман құсын абат елге.
Өзіңдей жомарт пейіл азаматтар,
Қашан да қамқорлықпен қарапты елге.
Еліңе бердің мешіт, сарай салып,
Қызығын көріп жатыр талай халық.
Қолма-қол көмегіңе риза тағы,
Кем-кетік, жетім-жесір талай ғарып.
Бір Алла берген екен тілегіңе,
Мейірімнің нұрын құйып жүрегіңе.
Болмаса жақсылығы ердің елге,
Тола ма көптің көңілі бұл өмірге?
Әлкенжан, алғыспенен ер көгерер,
Жауынмен шешек атқан жер көгерер.
Бақ қонған азаматсың Қыдыр дарып,
Бірің он, жүзің мың боп келе берер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу