Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  144


Автор: Ислам Қосжан

Теңіздегі сурет

-Сенесің бе, Теңізде су Сұлуын көрдім?
-Су Перісі шығар.
-Жоқ, Перизат.
-Қызуыңды көрейін бе, маңдайыңды ұстап?
-Кетші бар!



I
Перизат-ай,
Су Сұлуы бір керім,
Сылдырындай толқындары,
Сырғаның.
Еске түсіп,


Өткен – кеткен күндерім,
Құшағыңда бақытты күн,
Тұрғаным.
Сұлу келбет,
Теңіз жатыр тұп-тұнық,
Сұлулыққа сұлулық тұр елжіреп.
Толқындардың кірпігіне шық тұнып,
Сенің жақұт көздеріңдей,
Мөлдіреп.
Ақ білегің,
Ай нұрынан жарқылдар,
Сұлулыққа ұрын барып қарадым.
Аққу мойын толқындар,
Жұпар шашқан,
Сенің аппақ тамағың!
Бұлқынбасын,
Осы сәтте қай жүрек?
Тыныштық та жоқ маған!
Дүниенің сұлулығын әйгілеп,
Қос жанартау,
Сүйірлене тоқтаған.
Теңізге ме?..
Мен сүзіле қарасам,
Періштелер қонақтаған маңайда,
Тіл жетпейді,
Саусақ бүгіп санасаң,
Сұлулыққа қосылуға болмай ма?!
Іштегі от,
Қоса шығып шерімен,
Шор боп қатқан ілкіде.
Келген десем ертегілер елінен,
Қалар ма екем күлкіге?!
…Көңілімді алаң етіп жүргесін,
Жылуындай нұрын сепкен жұлдыздың.
Салсам деп ем,
Соған ұқсас суретін,
Пері емес -
Бір қыздың!




Қиындау болып шықты...
Самғау маған,
Суға – ән,
Жанға – сәулең от лақтырып.


Алтайдың түлкісіндей қарға аунаған,
Арқаның үр қызындай аппақ болып.
Күн болды,
Күндерімнен бүгін мықты,
(Мас болсақ,
Тек сезімге мас болайық!)
Көрмеген бұрын мұндай сұлулықты,
Жанарым кетсе қайтем, тасқа айналып?
Жанарым...
Шайқалады жасқа толып,
Құз-жардан құлайтындай бір аттаса!
Теңіз де құлпырады,
Басқа қалып,
Төсіне Айперісі қонақтаса.
Аппақ гүл,
Көк толқыннан ашылады,
Ән бе екен?
Кеш те болса талып жеткен!
Мөп-мөлдір моншақ сулар шашылады,
Толқынның кірпігінен тамып кеткен!
Сен әлде...
Мен іздеген қиял ма едің?
Бір сазды төгілдіре шертіп барсам.
Перім-ай,
Дүниеге сыяр ма едің?
Жүрекпен саған ғашық,
Кетіп қалсаң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу