Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  163


Автор: Ислам Қосжан

Тоғыз қайық

Тоғыз қайық жоғалып,
Суға кетті қанша ер...
Е. Бөкенбаев.
«Тоғыз қайық»


 


I
Бұл Теңіз,
Ән кеудесін сырға бөккен,
Қырда күз сарғаяды -
Мұнда көктем.
Өлеңмен іздеп шықтым қайда екен деп,
Кешегі тоғыз қайық суға кеткен?!
Іздеген...
Жоқ нәрседен бекер ілік,
Білемін жоғаларын шекер үміт.
Сап түзеп тоғыз қайық келе жатса,
Астынан толқындардың көтеріліп.
Тізіліп шыққандайын өлең көші,
Теңізде жарқырайды күрең төсі.
Алыстан тоғыз қайық бұлдырайды,
Судағы Айға ұқсап көлеңкесі.
Көк Теңіз кеткенімен сан із шайып,
Тұр маңғаз тоғыз ғайып –
Аңыз жайып.
Қайтіп бір көрінсе елге келетіндей,
Тереңге ау байлаған тоғыз қайық.
Тынықса Теңіз жаққа сапарлап Күн,
Оттары жарқырайды шаһар жақтың.
Тарауы тоқсан күйдің тоғыз қайық,
Ойлаған көк Теңізге батар деп кім?
Бір сәтке айқай-шудан жаға тынып,
Тұрғандай өткендерге дұға қылып.
Кенеттен...
Тоғыз қайық шыға келсе,
Көк бұйра толқындардан бір атылып!
II
Жарқырап судың беті аппақ нұрдан,
Маяк-дүр түн қойнына от лақтырған.
Теңізде Ай сәулесі,
Якорь тастап,
Қайықтай теңселеді тоқтап тұрған.
Қусам деп Теңіздегі көк-қараны,
Аспаннан мөлдір моншақ ақ тамады.


Бұл деген –
Түнде жүріп жарық іздеу,
Құмар деп ойламасын «жоққа» бәрі.
Бір әннің естілгендей сазы көктен,
Біздің ой сағынышын азық еткен.
Тағдырын сонша жанның,
Маңдайына,
Бір күнде суға кету жазып па екен?!
Десе де ойлағанда адам жайлы,
Көңілім әлі күнге алаңдайды.
Бір үміт іштен шыға қыңсылайды,
Қой енді...
Тоғыз қайық оралмайды.
Ізімен жүргеніммен бос аңыздың,
Өзіңнен күдерімді қашан үздім?
Теңізге,
Ең болмаса қайтар деймін,
Сүйегін суға кеткен атамыздың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу