Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  84


Автор: Ислам Қосжан

Қыз кеткен. Қоңыр күз

Қасқа күйді айтасың...
Қыздың үйден кеткені.
Басқа сыйды қайтесің,
Бұл өмірдің өткелі.
Билеп алған сананы,
Көңіл жатыр өкпелі.
Қаздар ауып барады,
Қараша күз жеткелі...
Болғанымен сұрағы,
Жуабы тек жоқ еді.
Жаңбыр ғана жылады,
Сол түсініп тек мені.
Көктем де емеспін,
Көктен де демессің.
Сендерден айырмам,
Сенделген елеспін.
Шерменде емеспін,
Көмгенде өлмес кім?!
Жанымда таңба бар,
Таңбалар...
Неге өшсін!
***
Сағынса жүрегімен сағыныпты,
Бірақ та олар кімге жағыныпты?!
Өзінен басқалары ақын емес,
Ақынның осалы жоқ –
Бәрі мықты!
Азғана талқан еткен тары күнді,
Қозғама...
Ақындардың жаны мұңлы.
Сөзге де,
Өзгеге де тоқтамайтын,
Сауы жоқ,
Ақындардың бәрі жынды!


***
Сөйлегенде білімі бар адамдар
Екі қайтып белгілі дер келмесің.
Қайтып келу бар шығар деп жүрмеңдер,
Денең шықпас қара жерге көмгесін.
Уақыттың аяқталып өлшемі,
Шыбын жаның кеткен кезде аспандап.
Тәнің болса туған жердің бөлшегі,
Жаның үшін нағыз өмір басталмақ.
***
Бала кезімізде менен алғаш күй үйренген,
ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, «Отырар сазының» бас дерижоры Ж.Бегендік Маңғыстауға
концертпен келді.
Еске алып балалық, өткен күнді,
Тамшылар тұр айғыздып бетте кірді.
Өнеріне тілеулес,
Тілек тілеп,
Еленбеген танысы шетте тұрды.
Балалығы келді ме оралып бір?!
Өткен күннен жатқандай қамалып сыр.
Көп ызыңға шатасып,
Балалық жүр...
Күйін тыңдап бүгіннің ағалық тұр.
Еске алып кешегі,
Өткен күнді,
Оркестр тұр ағызып төкпе күйді.
«Маэстро», «Бисстердің» тамшыларын,
Жинай алмай бір ақын шетте тұрды...
Еленбесе пендесі...
Еленбесін,
Жүйрік болды Жалғасбек өнерде шын.
Өткен күндер қайтейін, көнергесін,
«Жаман сырын...» айтқызған өлең дерсің!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу