Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  63


Автор: Ислам Қосжан

Сексеуіл

І
Ақ шағылдар...
Қонып, көшіп барады,
Көшкен үйдей, керуендетіп баяғы.
Ызыңдайды сексеуілдің таяғы,
Күн дегенің,
Түстің мықты қонағы.
Айқұлақтың қалқияды құлағы,
Сексеуілдің сол әуні,
Сол әні.
Жолдар деген,
Төмен тіке құлайды,
Шығып алып жоғары.
Күн теседі,
Тесік тауып төбеңнен,
Құмның түсі,
Күн көзінен көнерген.
Құлаш-құлаш тереңдіктен су тартып,
Сексеуіл тұр,
Көкпеңбек боп көгерген.
ІІ
Қызуы күннің өртеді,
Айнала түгел тұр жанып.
Құм әнін жайлап шертеді,
Сексеуіл желге ырғалып.
Салады мұңды ән-жырға,
Жел келіп соқса қашаған.


Бір ұрттам су жоқ,
Жаңбыр да,
Сараңдық мұнда жасаған.
Кезесер оған жай аз ба
Бәріне тосар кеудесін?!
Аптапқа,
Желге,
Аязға,
Көктейді екен төзгесін!
Серісі дерсің даланың,
Бәріне төзіп көктесе.
Есіме жиі аламын,
Мықтылық маған жетпесе!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу