Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  96


Автор: Ислам Қосжан

Күй

Сері Сержан Шәкіратұлына
Киіз үй.
Жиналған жұрт күй тыңдаған,
Күйші отыр ағытылып сыр тұнбадан.
Күйімен айналаны сиқырлаған,
Қолынан айналайын былқылдаған.


Күйші отыр…
Домбырасы төрде тасып,
Күйлері сан ғасырдан келген асып.
Күйшінің бар, жоғы да білінбейді,
Саусағы сұлулықтың перне басып.
Шыны сол,
Тосын болып кездесерің,
Жүрекпен тыңдамасаң сезбес едің!
Дыбыстан лақтырылған қуаныштар,
Мұңы да жылы ағыстай –
Өзгеше мұң.
Бұлақтай биік жардан ақтарылған,
Екпіні жаңылғандай соқпағынан.
Мүмкін ол –
Алаулаған жалын шығар,
Сыр тартқан өткен күннің шақтарынан.
Таңдауы осы болып көп керектің,
Көңілін көпшіліктің көктем еттің.
Сағада тоғысады тоқсан тарау,
Жайылған бұтағындай көктеректің.
Күйші отыр.
Айтамын деп мына жайды,
Атадан қалған көне мұра жайлы.
Бұл күйді тұнып тырған тыңдау үшін,
Кең дала керегеден сығалайды.
Күй атын бірі білсе, бірі білмей,
Тамсанған жұрт сөйлеуге тілі келмей.
Текті күй сол далаға қанат жайды,
Естілген арғымақ ат дүбіріндей!
Жаныма байлап қойып құмарымды,
Домбыра еске салды ұранымды.
Осы де маған біткен қос жанарым,
Жаратқан сөндірмеші шырығымды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу