Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  112


Автор: Ислам Қосжан

Құм елі

Өң түгіл түсіңе де кіреді де,
Ып-ыстық, жақынмын мен құм еліне.
Сол жерде қалды менің балалығым,
Байлаған ыстық желін жүрегіне.
Атқаннан күннің көзі төбе тескен,
Аспаннан жаумай жаңбыр ерегескен.
Құм-десем, көз алдыңа шөл келеді,
Шөл-десең, сексеуілдер... неге өскен?!
Жүрекке сексеуілдің жырын ектім,
Өлең боп, ту сыртынан күбір еттім.
Сексеуіл тереңдіктен су тартады,
Тылсымы осы болар құдіреттің!
Құм елі...
Жұмбағымен ойландырған,
Тақырға төбелдей жер айналдырған.
Есіңе ә, дегенде сусын түсер,
Кеседе,
Аппақ тақыр - айран тұрған.
Күн анау, тас төбеге келіп алған,
Жолдардың өрге шығып белі талған.
Ауыттай үйлер жатыр,
Ақ шағыл құм,
Түйедей нән өркешті шөгіп қалған.
Аумайтын қоңырлығым қайран құмнан,
Секілді қолымдағы айнам тұрған.
Сап-сары сағынышым жатыр менің,
Мөп-мөлдір тамшыларын құйған жырдан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу