Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  77


Автор: Ислам Қосжан

ЗЕРЕН КЕСЕ

Әсемдігі Мұрын жырау жырындай,
Үлкендігі Мұрын жырау мұрнындай.
Батыр қолға ұстағанда,
Зеренді,
Кішілігі шыбындай.
Ескі көзден қалған кесе ырымдай,
Бояуы тұр,
Ескі сөздің сырындай.
Ирек-ирек өрнектелген жиегі,
Өріп қойған бұрымдай.
Ескі зат деп қарағасын бұрын жай,
Кетер едік елемесек ұғынбай.
Абысыны келініне сыйлаған,
Сөрелерден аман қалған жығылмай...
Ертегілі елден келген сырың бай,
Жалғыз қалған шал-кемпірдің ұлындай.
Кербез қыздың тұрысындай кескіні,
Ал, өрнегі болат қылыш қынындай.


Құндылығы құнан қойдың құнындай,
Ескілігі ескі көздің нұрындай.
Жиегі де жұмсақ тиген ерніңе,
Сусыны да шырындай!
«Қырымның қырық батырын» жырлаған Мұрат жырауды мұрнының
үлкендігіне жеңгелері «Мұрын жырау» атап кеткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу