Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  132


Автор: Ислам Қосжан

Күзде

Құлазиды салқын бақ,
Күздің көзі ызғарлы.
Соқыр жаңбыр там-тұмдап,
Күнді кімнен қызғанды?!
Ызыңдайды айналам,
Көктем әні жоқ есте.
Дүркіретіп айдаған,
Бұлттар жылқы емес пе?!
Бұрандадай бұралып,
Көлеңке тұр ұзарып.
Таң атады бозарып,
Күн батады қызарып.


Қан шығармай қадалған,
Тікенектей жел өктем.
Суық ойлар қамалған,
Мұң шығады жүректен.
Күзге неге сыр аштым?!
Жылылық жоқ дәметкен.
Тоңғаны ғой ағаштың,
Жапырағы дір еткен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу