Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  109


Автор: Ислам Қосжан

Қамшы

Үй төрінде,
Іліп қойған қамшы тұр,
Суыртпақтап тарттым сенен тамшы жыр!
Шулағанды көрсетейін сендерге,
Дегендей ме?
Тек қолыңа алшы бір.
Жауын көрсе жайдақ мініп бір аттан,
Қамшыларын бабам талай сынатқан.
Осы қамшы,
Кең даланың қорғаны,
Қарсыласын бір-ақ сілтеп сұлатқан.
Осы қамшы ептілікті алыпты,
Қамшы мінез тектілікті танытты.


Нар шалдарым бір қараса қамшыға,
Бәйбішенің үні шықпай қалыпты.
Қамшыларым болған дейді күрескер,
Деп ойласам,
Бабаларым елестер.
Қай үйде де табылады білектер,
Жетпей жүр-ау,
Қамшы мінез жүректер!
О, басында,
Іздеп едім тамшы жыр,
Шуағынан төгіледі қанша нұр!
Ошағымның тыныштығын күзетіп,
Үй төрінде іліп қойған қамшы тұр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу