Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  138


Автор: Ислам Қосжан

Кебеже

Біздер де сіздей болғанбыз,
Сіздер де біздей боласыз.
(Зираттағы жазу)



Қалдырсам деп келер күнге қол таңба,
Хас шеберлік бар өнерін салған ба?!
Күні жетіп,
Зат төресі кебеже,


Шығып қалған балконға.
Бетіндегі ою-өрнек бүлінбей,
Жеткен екен осы күнге сүрінбей.
Заманында асыл еді сүйегі,
Тұр бүгінде көп мүліктің біріндей.
Дегендей боп,
Сен осыдан ән ізде,
Түскендеймін шебер салған бір ізге.
Айналамды ою – өрнек қоршаған,
Отырмын мен балкон деген дәлізде.
Мұны көріп өткен күнді кеземін,
Жүрек жылап, өртенеді өзегім.
Сол үйдің бір ұлы болар ішіне,
Салып қойған қоянның бір көжегін.
Жәй көрініс,
Ешкімнің де ісі жоқ,
Ірі заттың тұрғаны ғой кіші боп.
Кешір адам,
Кебежеге теңесем,
Сырты бүтін, іші боқ.
Қалай айтам,
О, аржағын сөз етпе...
Өмір – ғайып,
Кебеже ме?
Көжек пе?
Дөңгеленген дүние бұл -
Дүние,
Тұрмыз біздер кезекте!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу