Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  137


Автор: Ислам Қосжан

Қарлығаштың ұясы

Қалден Серен қазақ ауылдарын бірінен соң бірін шауып, құйындата,
жұйткіп келе жатады. Қарсы тұрарға күш болмағасын Төле би елді
түгел көшіреді де, өзі көшпей қалып қояды. Қалден Серен ауылға
жақындағанда жұртта қалған жалғыз үйді көреді. Жақындап келіп, Төле
биден:
– Ауылың қайда? – деп сұрайды.
– Сенен қорқып көшіп кетті.
– Сен неге көшпедің?
– Киіз үйімнің босағасына қарлығаш ұя салып, балапан басып
шығарды, солар темір қанат болып, ұшып кеткенше үйімді
жықпаймын деп, қалып қойдым. Бұл қасиетті құс, обалдан қорқып
отырмын,- деп жауап беріпті. Сонда дұшпандардың өзі «бұл тегін
адам болмады» деп, ордасына шақырып, құрмет көрсетіп, аттың
басын бұрып, кері қайтқан екен.


Тыныш мекен,
Іздегенде табылмас,
Пана болмай ну тоғайың,
Қалың тас.
Босағаның беріктігін бекітіп,
Киіз үйге,
Ұя салған қарлығаш.
Үй иесі,
Отыр төрде Бектерше,
Күн санайды саусақ саны жеткенше.
Ел көшсе де,
Киіз үй тұр жығылмай,
«Алтын» қанат,
«Күміс» болып кеткенше.
Ән – жұмыртқа тіршілікке қолыңды аш,
Келсін десең қанатты өмір -
Ағын жас!
Киіз үй тұр ертеңіне алаңдап,
Ұялы үйге,
Ұя салған қарлығаш.
Бесіктегі бал үніндей басталған,
Сол ұядан таралады асқақ ән.
Үй иесі,
Отыр төрде Бектерше,
Босағаның беріктігін ұстаған!
Бастау алған,
Арман әні биіктен,
Екі үйді,
Қарлығаш жүр сүйіп тең.
Көтеріп тұр,
Ұя салған – Жер шарын,
Осы үйдің босағасы иықпен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу