Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  80


Автор: Ислам Қосжан

Қаражамбас

1
Естілдің түнектей боп маған алғаш,
Тіршілік атаулыға пана болмас.
Соры бар...
Бес елідей маңдайының,
Қара жан баспапты ғой,
Қаражамбас.
Сорлы жер,
Теңізі бар,
Шөлді мекен,
Жоқ онда көзге түсер белгі деген.
Боздаған боз маядай желдің даусы,
Бүгінге шыдап қалай келдің екен?!
Тіршілік мұңдаспаған,
Сырласпаған,
Шайтанның мекені деп, жан баспаған.
Иірген қарт әженің жіптеріндей,
Жолдар да үзік-үзік жалғаспаған.
Сол дала...
Бүгін міне сырлас маған,
Сорлары аппақ гүлдей бүр ашқаннан.
Мұнайдың дариясы –
Ариясы,
Өзіндік дауыс алып, ән бастаған.
Болғанмен басқашалау санамда алғаш,
Жырыма мен өзіңнен табам жалғас.
Мұнайдың мұнарасы көк тіреген,
Атыңнан айналайын Қаражамбас
2
Тербесін мені тербесін,
Көңілді шаттық кернесін.
Тербелмей тұру мүмкін бе?
Биікке шығып көргесін.
Еңбекпен әсем жыр құрар,
Төсінде жердің бұрғылар.
Тереңде соққан тамырлар –
Тереңде жатқан тұрбалар.
Мұнара сансыз,


Мұнара -
Сыңсыған орман бұл ара.
Қиялмен жүріп биікте,
Орманды кел де арала.
Көңілің шалқап тасыған,
Қараса мұнара басынан.
Аспанда жүрген ақ бұлттар,
Мойныңа келіп асылған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу