Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  155


Автор: Ислам Қосжан

Тұсауымды кесіңдер өмір, менің

О, Дүние,
Сұрағым бар, сұрар менің,
(Түбі біреу сырымды ұғар менің).
Метеориттей аспаннан тасталған боп,
Өмір сүрсем...
Қайтадан басталған боп,
Сонда маған мойныңды бұрар ма едің?!
Сұрағым бар қоятын, сұрар менің,
(Ұғатындар түбінде шығар дедім.)
Тасталқан боп дәл қазір күйіп кетсем,
Сонда маған мойныңды бұрар ма едің?!
Демесем де,
Дүние, жалықтым-ау,
Кейбір жерде осалдық таныттым-ау.
Келетін де, кететін біздер екен,
Өмір жатыр бір күйі ағып мынау.
Өгейсініп,
Бұл өмір тастамасын,
Соны ойлап қатады қасқа басым.
Аяқтау да өмірді керек шығар,
Жаңа өмір қайтадан -
Бастағасын!
Әр нәрсені бір ойлап, түңілгенім,
Жеңістерім, тағы да сүрінгенім.
Қайраттанып қайтадан бастайыншы,
Тұсауымды кесіңдер,
Өмір, менің!
Егемендік көктемі
Көп жыл күткен...
Көктемнің келгені анық,
Шаттығым тұр жаңбырдай селдеп ағып.
Ашсам болды аузымды жыр ағады,
Жүрегіме алғандай перне тағып.
Жаңа Айдың сәулесі көлде жанып,
Жусан иісі сіңеді желге барып.
Қаулап өскен мен дедім,
Бәйтерекпін,
Әуелі шөлдеп алып.
Жинап алған,
Жылуын нұр ағыстан,
Желбіреген туымда қыран ұшқан!
Болмайды екен жастың да кермек дәмі,


Көзден ақса, қуаныштан.
Ана тұстан дүмпулер...
Мына тұстан,
Хабар келді,
Шыққанда жаңа қыстан.
Әнін айттым Шәмшінің жүректі ұстап,
Осы – деді періштем,
Қазақстан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу