Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  68


Автор: Ислам Қосжан

Өлеңі

Желік беріп жел көтерген танауға,
Өлең бердім бір ағаға сынауға.
Ағам айтты,
Босқа өткен күндерің,
Өлең дейсің,
«Өлеңдерің» мынау ма?
Деді тағы,
Өлең сенің ісің бе?
Өлең жазсаң Абайларша мүсінде.
Бетке айтатын мінезім бар тік сондай,
Түсін мейлің, түсінбе.
Бекер болды өлеңімді бергенім,
«Мезгілінен қолымды кеш сермедім...»
Некролог жазып беріп өлеңге,
Өз қолыммен жерледім.
...Бір жақсылық күтетіндей ел менен,
Елім саған,
Жырдан басқа не берем?!
Өлең жаздым,
Көп жыл салып араға.
Ұяң қыздай,
Тойға барып көрмеген.
Тындырдым не,
Қандай істі бітірдім?
Дей алмаймын,
Шаруа бітті, шүкірмін.
Сөйлемімнің
Қойылмаған нүктесі,
Әзірге тек, үтірмін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу