Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  124


Автор: Жарылқасын Аманұлы

СЕНЕСІҢ БЕ, СЕН БҰҒАН СЕНЕСІҢ БЕ?

Сенесің бе, сен бұған сенесің бе?
Осылай да түсіме енесің бе?
Әлем – теңіз, біз егіз, бір ғажайып,
Құдіреттің келеміз кемесінде.
Сосын саған жыр оқып, сыр айтамын,
Күрсіндіріп, ақырын мұңайтамын.
Шашың сипап, жүзіңе үнілемін,
Қыз күніңнің көрмек боп шырай табын.
Шырай табың қайда деп шырылдаймын,
Шырылдайды қосыла құлын-қайғым.
Бір алапат күш келіп бөліп кетіп,
Қайғыланам аздай-ақ бұрын қайғым.
Сені біреу сол сәтте құшақтайды,
Қысып тұрып құшаққа, пышақтайды.
Жұлып алып, жауыз-ай, жүрегіңді,
Екі бөліп, үш бөліп ұсақтайды.
Маған қарай лақтырып бір бөлегін,
Сыбағаңды ал дейді, жүлдегерім.
Ал қасымда сен тұрсың, біреу емес,
Бірнешеу боп, қорыққаннан үндемедім.
Әлем – теңіз біртіндеп тартылады,
Ғажап кеме қайырлап қалтырады.
Маған тиген бөлігі жүрегіңнің,
Ақ кептер боп аспанда шарқ ұрады.
Сенесің бе, сен бұған сенесің бе?
Әлде қалжың, әлде ойын көресің бе?
Өкінішің өмірде аз болғандай,
Осылай да түсіме енесің бе?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу