Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  113


Автор: Жарылқасын Аманұлы

СЕЗІМ ҚАЙДА, ҚҰДАЙ-АУ, ЛАПЫЛДАҒАН

Сезім қайда, Құдай-ау лапылдаған,
Жанып кете жаздайтын жақындаған.
Ой да салқын бұл күнде, бой да салқын,
Жүректі аяз қариды сақылдаған.
Өмір бойы жалындап өтем деп ем,
Салқындықтан сескендім төтен келген.
Қайда ұшып кетті екен аққу, қазым,
Айдынымды аймалап мекендеген.
Осы ма еді, жалған-ау, жалғандығың,
Жылыта ма жанымды қалған күнің?
Қандай екен сыбағаң алдымдағы,
Бәріне де өткеннің армандымын.
Қайта оралтсаң бал-дәурен базарыңа,
Тарқар ма едің тойдырып ажарыңа?
Күңірентіп қобыздай қойдың тағы,
Бұған менің жүрегім жазалы ма?
Сүйе білген жүрегім, күйе білген,
Жүрек қылын айырма тиегінен?
Сүтпен сіңген сүйекке қайран өлең,
Сүйемелдеп келеді иегімнен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу