Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  154


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ЖАЛҒАНДА, МЫНА ЖАЛҒАНДА

Жалғанда, мына жалғанда,
Жүргеннің бәрі арманда.
Жұлдызы, бағы жанғанда,
Талабы тасты жарғанда.
Талпынып қары талғанда,
Қайырылып тұрып қалғанда,
Арманда екен, арманда,
Арманға тұнған жалғанда.
Сен, жаным, бұған таңданба,
Таңдансаң, қара, бар маңға.
Көмескі сүрлеу, соқпақ із,
Кезігер арттан, алдан да.
Асу, құз, қия, жардан да.
Осыны адам салғанда,
Жетемін деген арманға
Жеткізбей жүрген жалғанда.
Жалғанда, мына жалғанда,
Ақиқат-өлім бар жанға.
Бұған да, жаным, таңданба,
Алқымнан ажал алғанда,
Алжасып естен танғанда,
Ақырғы демі қалғанда.
Шаладай көзі жанғанда,
Жанталасқан екен адамдар,
Жетпекші болып арманға
Жеткізбес мынау жалғанда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу