Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  102


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ӘКЕ ЕСКЕРТКІШІНЕ

Терің тамған топырақ,
Терің тамған тастардан,
Өзің жатқан торқалы,
Топырақтан жастанған.
Ескерткішің соғылып,
Еңсең биік тұр, көкке.
Аққу сыңсып айналған,
Әуен тыңдай аспаннан.
Жазиралы дала анау,
Жанарыңды жандырған.
Өзен анау, көл анау,
Мейіріңді қандырған.
Асқар ала тау анау,
Асып белді талдырған.
Тоқсан тарау жол анау,
Іздеріңді қалдырған.
Бетегелі бел анау,
Желпінтіп ат суытқан.
Берекелі ел анау,
Ет бауырың туысқан.
Ақтық сені сапарға,
Аттандырып бәрі де,
Қабіріңе топырақ,
Салды бір-бір уыстан.
Өзің жүрген кездердей,
Бұлт төсі қақырап.
Кемпірқосақ керіліп,
Гүлдеп жатыр атырып.
Өзің көрген кездердей,
Жусан өсіп жайқалып,
Сайрап көкте бозторғай,
Сыбырлайды жапырақ.
Өзгеріс жоқ өмірде,
Бәрі де өзің көргендей.
Өтті-ау бірақ дүние,
Қас-қағымға тең келмей.
Жетегінде сағымның,
Желкілдейді күмбезің.
Боздап жылап боз інген,
Боз далада желгендей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу