Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  107


Автор: Жарылқасын Аманұлы

АЯЛАЙ БЕР, ДОМБЫРА, АРМАНЫМДЫ

Аялай бер, домбыра, арманымды,
Сен жақынсың жардан да жанға мұңлы.
Менде өшкен сезімді қайта оятып,
Қайта атыр көрмеген таңдарымды.
Шабыттанып шалқиын, шарықтайын,
Қос ішегің – қос қанат, қалықтайын.
Қуанышым телегей теңіз еді,
Жүректі де барады жарып қайғым.
Сергиді екен сорлы ақын сезіміне,
Кемиді екен кейістеу өз үніне.
Құба таңдар қуартып кетсе жүзді,
Қуат бергін сен менің төзіміме.
Үнің болып тылсымға таралайын,
Таралайын, әлемді аралайын.
Жүректері жыртылған мұңдылардың,
Жүрегіне жамау боп жамалайын.
Сонда менің ашылып қас-қабағым,
Қара тасты мамықтай жастанамын.
Қалдырмаймын, домбырам, сені бірақ,
Қалмаса да басымда басқа бағым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу