Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  191


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ЖАРҚЫРА, ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫМ

Қадалып көкке жатырмын,
Жұлдызым менің қай тұста?
Жұлдызы қандай ақынның,
Ақындай мұңлы байғұс па?
Төсінде көктің тұңғиық,
Көмескі тартып тұрсың ба?
Тұрсың ба сен де жыр құйып,
Тәңірі атқыр тылсымға.
Жұлдызы болып ақынның,
Жаралған болсаң, жасыма!
Жанарын жасқап жасыңның,
Жақұт боп шашыл басыма!
Шабыт боп шарпып шайқағын.
Дарын боп дара дабылдап,
Өнердің сүймен сайқалын,
Сайқалды кетсін қағынды ап.
Түскенше көктен сорғалап,
Жасанды бола көрмегін.
Қарақан басын қорғалап,
Кім көрді ақын өлгенін.
Жұлдызым, маған кейде сен,
Кінә да, мүмкін, тағарсың.
Жарты сөз жалған сөйлесем,
Алдамшы көзім ағарсын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу