Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  92


Автор: Жарылқасын Аманұлы

СЫБЫЗҒЫ СЫРЛЫ КӨКТЕМІМ

Сыбызғы сырлы көктемім,
Сылқылдап күліп жеттің бе?
Селдете құйып кеткенің,
Сағыныш жасын төктің бе?
Табиғат түлеп жаңарып,
Жанарда жалын жанады.
Бұрымын бақша таранып,
Бұлбұлың әнге салады.
Көбелек қумай қырыңнан,
Бозторғай үнін тыңдамай.
Бұйыға түсіп қырымнан,
Жатысым үйде бұл қалай.
Жарқылдап жайдай төбемде,
Қоздырып шабыт ұранын.
Сорғалап түсті белеңге,
Мұз балақ ерке қыраның.
Даланы жасыл торды да,
Құланды қақтан таба алмай.
Ағып кеп жерге қонды ма;
Арқарды құздан қаға алмай.
Ақын мен қыран тала ма,
Ұштайық қалам, қанатты.
Ерке ғып ел мен далаға,
Сені мен мені жаратты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу