Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  89


Автор: Жарылқасын Аманұлы

Туыстар түбі бірге, қаны бірге...

Туыстар түбі бірге, қаны бірге,
Қиын жол, қиналғанда жаны бірге.
Араңда асыр салған ардаң едім,
Арыны басылмаған әлі күнге.
Барады көтеріліп құйысқаным,
Қиын-ау туысқанмен қиыспағың.
Есіме үлкен-кіші түскен кезде,
Қолыма қаламымды жиі ұстармын.
Сарғайып жапырағым сағыныштан,
Құс көңіл қиқу салар алып ұшқан.
Күндерім еске түсер кең далаңда,
Көсілтіп кер бестінің жалын құшқан.
Бөліскен татулықтың шырын-балын,
Қош болғын, бірге өскен құлындарым.
Көктемде туған екем, көктем сайын,
Көгіңде бозторғай боп шырылдармын.
Аман бол, туып-өскен алтын бесік,
Барамын Алатауға сенен көшіп.
Жетісу жеті атамның жері екен,
Жаулардан қорғап өткен кескілесіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу