Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  164


Автор: Ерболат ҚУАТБЕК

Бүркіт

Бүркіт ұшты!


Аңсадым сайыпқыран түркі құсты.


Төменде – айғыз ғалам, көкте – қанат!


Алдыңа қорқау жүрек түлкі түсті.


 


 


Самға кері!


Көргені таулы мекен, заңғар еді.


Шалынсам шырғалаңда шыңыраудан,


Соқпаңдар, ей, бүркіттер, жарға мені.


 


 


Көк тағысы!


Сарқылмай бойынан еш отқа күші.


Көкке ұшып мен де өзіңдей саят құрдым,


Келеді жердегілер соттағысы.


 


 


Сайран бар ма?!


Абылайдың түсі өңге айналғанда.


Есілді лайласа көр бақалар,


Барамын не бетіммен қайран тауға!


 


 


Саудасы бар...


Заманның маубасы бар, ауласы тар.


Не дейсің тар әлемге сыймай кетсем?


Алтайда сағым қуған қандас ұғар.


 


 


Серілік-ай!


Даланың жусанына жерік ұдай!


Қортықтың қарғыбауын алқа қылып,


Керзаман қыңсылатты сені құмай.


 


 


Бүркіт ұшты!


Аңсады шерлі тазы түркі құсты.


Мүрдесін көрсетпей ол жазым кетті,


Есіме сары қазақ түлкі түсті.


 


 


Ар тұмарым!


Еңсемді тіктеп тұрып жар қыламын:


«Жерге емес, бүркіт қонған тауға қара!»


Шап қане, Абай мінген арғымағым! 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу