04.06.2022
  573


Автор: Ескен Елубаев

ЖАҢА ЕРТЕГІ

I
Бiр Қосаяқ,
Даланы
Жүретұғын мекендеп,
Жерге тимей табаны,
Келе жатты секеңдеп.
Көтерiңкi көңiлi,
Ештеме жоқ ойында,
Көрдi шаңға көмiлiп,
Жатқан затты
Жолында.
Үңiлсе кеп ақырын,
Жатқан заты –
Жұмыртқа
Жоғалтқан қай пақырың,
Ешбiр жан жоқ жуықта.
«Алған, сiрə, түсiрiп,
Кiм болды екен иесi?»
Жағдайды ол түсiнiп
Босады жан-жүйесi.
Жұмыртқаның жатқан бұл,
Түр-түсiне қарады.
Бiлмедi,
Кiм тапқан бұл?
Жоқ қой одан хабары.
«Бекер, босқа жармайын
Жұмыртқаны жолдағы.
Обалына қалмайын», –
Деп Қосаяқ ойлады.


Жұмыртқаны қолына,
Қосаяқ кеп алады...
Қалып өзi жолынан,
Iздеу салып барады.
Жұмыртқаны осы аяп,
Тура тауып бағдарды.
Тауықтарға Қосаяқ
Айтты келiп жағдайды.
– Кездестiрдiм дəл алдан,
Дөңгелек те,
Жұмық та,
Тауып алдым даладан,
Сенiкi ме, жұмыртқа?
Қораз оны тыңдайды,
Байыбына қанады.
– Бiздiң Тауық мұндайдың
Күнде бiрiн табады!
Қиын тiптен жоруы,
Қиын шаруа, сенiкi.
Мүмкiн, мұның болуы,
Болмауы да менiкi.
Дал боп тұрмын ұға алмай,
Белгiсi жоқ,
Ұмытпа.
Басып оны шығармай,
Демен:
– Бiздiң жұмыртқа.
Берер едiм қол ұшын,
Бiрден тани алар кiм?
Күту керек ол үшiн,
Талай уақыт,
Талай күн.
Айта алмаймын уəде,
Шатастырсам қауiптi.


Жоқ қой сенде,
Куə де,
Мойындатар тауықты...
Тауық айтты:
– Ылайым,
Бөтен естiп қоймасын.
Бұл жұмыртқа –
Жыланның
Жұмыртқасы болмасын.
Онда бар ғой,
Екеумiз,
Кете алмаспыз құтылып
Өңешiнде кетермiз
Жанұямен жұтылып.
Қораз айтты:
– Шошыма,
Кез қылмасын тiрiде,
Жыландiкi осындай
Соншалықты iрi ме?..
– Сақтық керек, қалайда,
Ол пəленiң дауы көп.
Қосаяғым, абайла,
Былайша да жауың көп, –
Дедi Тауық:
– Ақылым,
Саған менiң үйреткен.
Бар, секеңдеп ақырын.
Сұрап көршi Үйректен.
Өз қамың ғой жегенiм,
Оғаш айтсам,
Сен, кешiр.
Бұл жұмыртқа дегенiң
Оларда да
Көл-көсiр...


II
Жұмыртқаны қолына
Қосаяқ кеп алады.
Қалып өзi жолынан,
Iздеу салып барады.
Жұмыртқаны осы аяп,
Тура тауып бағдарды.
Үйректерге Қосаяқ
Айтты болған жағдайды.
– Кездестiрдiм дəл алдан,
Дөңгелек те,
Жұмық та,
Тауып алдым даладан,
Сенiкi ме, жұмыртқа?
Таптым мұны жапаннан,
Деп тастасам,
Обал ғой.
Бəлкiм,
Түстi арбадан?
Бұл өзiмнiң жобам ғой.
Жасамаққа жақсылық,
Ниет етiп келемiн.
Ие шықса,
Тапсырып,
Өз шаруама жөнейiн.
Үйрек оны тыңдайды,
Байыбына қанады.
– Əрбiр үйрек,
Мұндайдың
Талайларын табалы.
Қиын бiрден тануың,
Аяп тұрмын сенi
Мен.
Шатастырып алуым...
Айта алмаймын сенiммен.


Тауық,
Үйрек табатын,
Жұмыртқалар тым ұқсас.
Ажырата алатын,
Бiлгiр бiреу,
Бiл, шықпас.
Дал боп тұрмын ұға алмай,
Белгiсi жоқ,
Ұмытпа.
Балапан қып шығармай,
Демен:
«Бiздiң жұмыртқа».
Бере алмаймын уəде,
Айта алмаймын,
«Менiкi».
Жоқ өзiнде
Куə де,
Дейтұғын: «Дəл сенiкi...»
Қайталады Үйрек те,
Қораз айтқан қауiптi.
Осы ақылды үйреткен,
Сөгiп-сөгiп Тауықты.
– Дөңгелек те,
Жұмық та, –
Дедi Үйрек жазған да, –
Мұндай, мұндай жұмыртқа
Табады анау Қаздар да.
Кеңесiм,
Күн жарықта,
Бар тездетiп, кеш қалмай.
Жөн сұрасаң,
Айып па?
Оқасы жоқ ешқандай.
Тұрған жоқпын жамандап,
Жұрт таққан бұл атақ қой.


Сұра жаймен амалдап,
Мiнезi оның
Шатақ қой...
III
Жұмыртқаны қолына
Қосаяқ кеп алады.
Қалып өзi жолынан
Iздеу салып барады.
Жұмыртқаны осы аяп,
Тура тауып бағдарды,
Қазға келiп Қосаяқ
Айтып бердi жағдайды.
– Жүргемiн жоқ босқа аяп, –
Деп iш тартты Қосаяқ. –
Сенде де бар
Қос аяқ,
Менде де бар
Қос аяқ.
Сол туыстық үшiн де,
Iздеп келдiм,
Ұмытпа.
Қос аяқты iшiнде,
Мен-ақ таппас жұмыртқа.
Қайтайын деп тапсырып,
Тура алдыңа келген мен.
Жасасаң бiр жақсылық,
Көретiнiң сергелдең...
Жұмыртқаға еңкейдi,
Қаз тың тыңдап,
Байқады.
Ары-берi төңкердi,
Содан басын шайқады.
– Түстiң бекер
Əуреге,


Мұндай iстен атақ аз.
Керек бiзге дау неге, –
Деп шiрендi Ата Қаз.
Дайын екен ұрсуға,
Қиғылықты Қаз қылды.
– Мен, Көкек деп тұрсың ба?! –
Қосаяқты ол жазғырды.
– Жұмыртқасын көрiнген
Жерге табар –
Бiз емес.
Көкектер ол, ерiнген,
Тапса, артынан iздемес.
Жаппа маған жалаңды,
Қандай қажет
Ерегес.
Танытамын дадаңды,
Iздеп жүрсең төбелес...
Тiстемекке бас салып,
Жасады ол əрекет.
Жiбере ме
Бас жарып,
Бұл Қаз деген пəлекет.
Жұмыртқаны босқа аяп,
Дау-дамайға тұтылды.
Ата Қаздан
Қосаяқ
Əрең қашып құтылды.
IV
Жапа шектi жазықсыз
Келедi ол күйiне.
Бала-шаға азықсыз
Тосып отыр үйiнде.
«Жұмыртқаны өздерi
Табатындай


Мен үшiн.
Тiптi кесек сөздерi,
Айтпайды да жөн iсiн...» –
Деп Қосаяқ қолына
Жұмыртқаны алады.
Қалып өзi жолынан
Тағы iздеу салады.
Жұмыртқаны осы аяп,
Сұрап жолды бағдарды,
Түйетауыққа Қосаяқ
Баяндады жағдайды.
– Кездестiрдiм дəл алдан,
Дөңгелек те,
Жұмық та,
Тауып алдым даладан,
Сiздiкi ме, жұмыртқа?..
Айтты оған шағымын:
«Ауыр болды жол бүгiн».
Жоқ екенiн бағының,
Көрген талай қорлығын.
– Талды менiң қолым да,
Аяқ сыздап iсiндi.
Бəрiн кездiм жолымда,
Басса да олар мысымды.
Ақыл маған үйреткен,
Iздеп бардым
Тауықты.
Шықтым жаңа
Үйректен,
Ал,
Қаз, тiптен жауықты...
Түйетауық тыңдады,
Көтерiп бiр аяғын.
«Жақында», – деп ымдады,
Түйiп қалың қабағын.


Келгенде ол алдына,
Бас сап ұстап, түнердi.
Тiстеп,
Сiлкiп алды да,
Лақтырып кеп жiбердi.
Қосаяқ қор болғаны,
Зəре-құты қалмады.
Жұмыртқасын қолдағы
Аз-ақ,
Аз-ақ жармады.
Түйетауық дегенiң,
Бердi осылай жауапты.
Бiлдi бекер келгенiн,
Қосаяқ жеп таяқты.
V
Ашуланды Қосаяқ,
«Əурешiлiк жетер де.
Жұмыртқаны осы аяп.
Жүрмiн неге бекерге!!
Байғұс басым, желөкпе,
Азаптанам несiне?
Өзi маған керек пе,
Керек емес иесiне!
Табылмаса құрысын,
Неге итаршы боламын?
Ең абзалы,
Дұрысы,
Орнына қояйын...»
Өстiп ойын қорытты
Жұмыртқасы қолында...
Көкек қарсы жолықты,
Келе жатқан жолында.
– Жолықтырдым дəл алдан,
Жөн сұрау ғой,


Менiкi,
Тауып алдым даладан,
Емес пе бұл,
Сенiкi...
– Жұмыртқаны салады
Тасбақа да,
Жылан да.
Мазамды алмай,
Бар, əрi,
Обалды айтып жыланба.
Сонау,
Мұзды мұхитта,
Пингвин де табады.
Сенше,
Көкек суқит па?! –
Деп өшiге ол қарады.
– Бiз,
Ұяға кез келген
Саламыз ғой жұмыртқа.
Сол əдеттен өзгерген
Жоқпыз,
Мəлiм бұл жұртқа.
Ата-баба жолынан
Исi
Көкек,
Таймаймыз.
Жұмыртқа сап, соңынан
Оны баса алмаймыз...
Бiздер үшiн бiреулер
Жұмыртқаны басады.
Жайбарақат жүре бер,
Көкек неден сасады.
Балапанды асырап
Бейнетке кiм қалады.
Есейгенде азырақ
Бiздi өзi iздеп табады.


Көкек сөктi:
– Қарашы,
Қосаяқтың бiрбетiн.
Кiм иесi?
Табасың!
Ол өзiңнiң мiндетiң!
Мықты бол сен қолыңа,
Айтам мұны достықпен.
Жарып алма сорыңа,
Жұмыртқаны қастықпен.
Аяқтайсың бұл iстi,
Берер ақыл өзiңе.
Болып жүрме қылмысты,
Құлақ аспай сөзiме...
VI
Жұмыртқаны босқа аяп,
Жала тауып басына.
Қор болды өстiп
Қосаяқ,
Келе жатыр ашына.
Қосаяқтың осылай,
Iске басты шатылды.
Бəлкiм, оған, досым-ай,
Сен берерсiң ақылды.
Жасынырып қалуға
Жүрегi ұшып батпайды.
Пингвинге баруға,
Солтүстiкке аттанды.
Не болды де аяғы,
Немен бiттi өзi анық.
Пингвиннiң баяғы,
Айтатұғын сөзi анық.
Солтүстiкте хал нешiк,
Қосаяғың тоңып тұр.


Мұзды басып,
Қар кешiп,
Қай бiр iсi оңып тұр.
Дедi оған Пингвин:
– Босқа əуре болдың-ау.
Суық екен күн бүгiн,
Қалш-қалш етiп тоңдың-ау.
Бiз ерекше құстармыз,
Бiздi жай құс демеңдер.
Құс болғанмен,
Ұшпаймыз,
Ақылдымыз кемеңгер.
Тауық,
Үйрек,
Жүздеген
Жұмыртқаны салатын.
Бiр жұмыртқа бiз деген
Əрбiр жылда табатын.
Жағдай солай, бiлдiң бе,
Айтайын мен шындығын.
Жоғалтуы мүмкiн бе,
Жұмыртқасын Пингвин.
Оны өзiмiз басамыз,
Шығарамыз балапан.
Ұқыптымыз аса бiз,
Аулақ, аулақ жаладан...
Бiр жұмыртқа тапқаны,
Пингвиннiң амалдап.
Солтүстiгiн мақтады,
Оңтүстiктi жамандап.
– Артық туған көрiктi,
Шетiмiзден iрiмiз.
Көрмейсiң бе келiп тұр,
Дирижерге түрiмiз.


Мекенiмiз солтүстiк,
Ақсүйекпiз ардагер.
Естуiмше, оңтүстiк.
Құстары ғой саудагер.
Бiздер емес,
Олар ғой
Жұмыртқасын сататын.
Күрке салып,
Солар ғой
Пайда тауып жататын.
Сол себептi кеңесiм
Тауықтарға қайта бар.
Сол жерде iзде егесiн,
Бiзден сəлем айта бар...
VII
Қосаяқтың сормаңдай
Қалды есi ауып та.
Кiнəлi өзi болғандай,
Қайта келдi Тауыққа.
Жалынды оған Қосаяқ:
– Басын мұның ашып бер.
Жүрген мына босқа аяп
Жұмыртқаны басып көр.
Кiмдiкi екен, бiлейiк, –
Дедi оған, –
Нең кетер?!
Тапқан пəлем тiленiп,
Ақжүрек боп мен бекер.
– Осың оңған қылық па,
Қосаяқсың құтырған.
Мен баспаймын жұмыртқа,
Ондай iстен құтылғам.
Техника iлгерi
Батыл қадам жасады.


Бұларды бұл күндерi
Инкубатор басады.
Қырық күндей күрiк боп,
Отыратын мен емес.
Басуға еш құлық жоқ,
Өтiнуiң жөн емес.
Аулақ жүршi, жөнiңе,
Маған неге байландың?!
Соларға бар, – дедi де,
Тауық терiс айналды.
VIII
Қосаяғым мəңгiрiп,
Бағын сынап бiлмекке,
Жол-жөнекей қаңғырып,
Қайта келдi Үйрекке.
Аяғына жығылды:
– Басын мұның ашып бер!
Кiмдiкi екен тұқымы,
Жұмыртқаны басып көр.
Ең болмаса, бiлейiк, –
Дедi оған:
– Нең кетер!
Тапқан пəлем тiленiп,
Ақ жүрек боп мен бекер.
Үйрек айтты:
– Оңбайсың,
Жүрсiң бе əлi алысып.
Нең бар менде,
Қоймайсың,
Таскенеше жабысып.
Жұмыртқаны басуға
Отыратын сорлы жоқ.
Жиырмасыншы ғасырда
Өрескел бұл, орны жоқ


Техника iлгерi
Батыл қадам жасады.
Бұларды бұл күндерi,
Инкубатор басады.
Техника қуатын
Бұдан əрi арттырса.
Жұмыртқалар туатын
Робот – үйрек таптырса.
Жұмыртқаны туғанға
Жүрмiз, мiне, қиналып.
Техника бұған да
Көмек берсе жиналып.
Бар, – дедi де – соларға, –
Үйрек терiс айналды...
Мұндай қорлық болар ма,
Қосаяғым сандалды.
Болды өзi iстi де,
Болды өзi жазықты.
Көкек оның үстiне
Сотқа арыз жазыпты.
«Иесiн ол таба алмай,
Жұмыртқаны қор еттi.
Қосаяқты қалайда,
Бiр жазалау керек-тi...»
Не боп кеттi заманың,
Жақсылыққа баға жоқ.
Кiм табады амалын,
Жамандыққа еш шара жоқ.
Қосаяғым сотталып,
Кетер iске тап келдi.
Келедi ол оқталып
Инкубатор жаққа ендi.



Ал Қаздан ол қалды ығып,
Айта алмады тiлегiн.
Бата алмады қаймығып,
Ұшырды ғой жүрегiн...
Түйетауықтан пайда жоқ,
Одан жəне қорықты.
Инкубатор қайда деп,
Иесiне жолықты.


Х
Инкубатор иесi
Тiредi оны тұйыққа:
– Айтсам, – дедi ол, – жүйесiн,
Кiмдiкi, бұл жұмыртқа?
Жағдайымды ұғарсың,
Бəле болып жүрерсiң...
Ұрлап алған шығарсың...
Қайдан оны бiлерсiң...
Қажет бiзге ол аса,
Алдыменен растаймыз.
Анықтамаң болмаса,
Мұны, – дедi ол, – баспаймыз!
Шырылдады Қосаяқ,
Аяқ-қолы дiрiлдеп:
– Жүр екенмiн босқа аяп,
Мен таптым ба мұны? – деп.
Инкубатор иесi
Сазарды да саспады.
Қырсық екен мiнезi,
Уəжге құлақ аспады.
– Əңгiмеңнен байқаймын,
Шырақ,
Есiң дұрыс па?


Тайталаспай қайқайған,
Құлығым жоқ,
Ұрысқа.
Аяп сенi құсалы,
Өз басыңды қарақан.
Бастық оны,
Мысалы,
Шықты делiк балапан.
Салса ол сонда кеселдi:
«Кiм бұл жерге əкелдi?
Тауып бер деп шешемдi,
Тауып бер деп əкемдi...»
– Əкесi – мен,
Айтайын, –
Деп Қосаяқ зарлады.
Қиындады iс байқады,
Басқа амалы қалмады.
Инкубатор иесi
Ол тоқтамға көнбедi.
– Жақпа пəле күйесiн,
Ақымақ емес,
Мен, – дедi.
Қосаяқты таяқтап,
Қуды:
– Өшсiн қараң, – деп.
– Тұрма мұнда жалақтап,
Жұғар кесiр, жалаң, – деп.
ХI
Ендi оның баратын,
Не тауы, не тасы жоқ.
Қосып ақыл салатын,
Не досы, не қасы жоқ.
Жас үймелеп көзiне,
Қосаяқ тым торықты.


Жарты жолда,
өзiне
Түлкi бикеш жолықты.
Бiлгеннен соң жағдайды,
Қосаяқты есiркеп,
Қисық көзi бағжайды:
– Əурелендiң несiн? – деп.
– Болдың босқа жаманат,
Жұмыртқаға тап келiп,
Мұның жалғыз амалы-ақ:
Жейiк өзiн,
Қақ бөлiп.
Iздеушiсi жоқ болса,
Қаңғырғаның жетедi.
Қарынымыз тоқ болса,
Одан немiз кетедi.
Көнбедi оған Қосаяқ,
«Болмаймын, – деп, – айыпты...»
Жұмыртқаны осы аяп,
Бауыр басып қалыпты.
Түлкi күштеп алмаққа,
Жұмыртқаға ұмтылды.
Ал Қосаяқ қалбақтап,
Қашты,
Зауал күн туды.
Бiраз жерге барысты,
Түлкi жеттi,
Қоймады.
Ендi екеуi алысты,
Жұмыртқа боп ойлары.
Түлкi неден сасады,
Тартып алды қолына.
Əлiмжеттiк жасады,
Қосаяқтың сорына.


Жұмыртқаны қолдағы
Жерге ұрды.
Болмады.
Тасқа ұрды!
Болмады!
Жарылмады ол тағы!
Ашу қысты Түлкiнi,
Аласұрып жынданды.
– Көргем жоқ, – деп, – бұл күнi
Тастай қатты мұндайды.
Тептi!
Ұрды!
Болмады!
Түлкi басын шайқады.
Жұмыртқаны қолдағы
Ептеп зерттеп байқады.
Қосаяққа тесiлдi:
– Барып тұрған милау, – деп.
– Неге керек өзiңдi
Тектен-текке қинау, – деп.
– Босқа əуреге қалыпсың,
Қосаяғым,
Жарығым.
Жұмыртқа емес,
Тауыпсың
Теннистiң сен шаригiн!..
Қосаяқты сөктi де,
Түлкi iсiн доғарды.
Шариктi бiр тептi де,
Өз жайына жоғалды.
Жұмыртқа деп бос аяп,
Жүрсе...
Шарик қолдағы.
Зардап шеккен Қосаяқ,
Қуанғаны-ай сондағы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу