Аңыздар ✍️

  04.06.2022
  128


Автор: Ескен Елубаев

ҚОЛБАСШЫ ЖƏНЕ ЖОЛБАСШЫ

Қай дəуiрдiң еншiсi
Айта алмайды еш кiсi.
Бiзге жеткен
бұл аңыз –
Аңыздың «ең» естiсi.
Айтса елi ығыпты,
Қаһарынан бұғыпты.
Заманына сұрқылтай
Бiр қолбасшы шығыпты.
Жаулаймын деп жалғанды,
Ойына ол алған-ды.
Сөйте-сөйте қолбасшы
Қарақұмға барған-ды.
Жетемiн деп антына,
Жайсыз тиiп халқына,
Əскер жиды қолбасшы
Даңқ қосам деп даңқына.
Қылыштан қан саулады,
Талай елдi жаулады.
Əскерi өткен жерлердiң
Iзiнде өрт қаулады.
Елдi аяусыз қырғызған,
Қу бастан тау тұрғызған.
Əскерi көп қисапсыз
Аспандағы жұлдыздан.
Таптап өтсе,
төбелер
Қара жермен теңелер,
Тұтас көлдi аттары
Сарқып iшiп жөнелер


Жүрген жерiн таптаған,
Жау қолына қаптаған,
Зəресi жоқ халықтың
Қарсы амал таппаған.
Жұрт iшiнен жасыған,
Шыға келдi жас ұлан.
«Түбегейлi құтылар
Амал бар, – деп, – осыған».
Намысы үшiн жерiнiң,
– Шекпесiн, – деп, – елiм мұң,
Халық үшiн шейiт боп,
Қиюға əзiр өмiрiн.
Жиып алып жақынын,
Айтты əлгi ақылын.
Сөйттi-дағы жөнедi,
Жаужүрек жан, батырың.
Жеке дара ол – басшы,
Жатыр едi қолбасшы.
Қарақұмға жол табар
Iздестiрiп жолбасшы.
Бастады ендi ер iстi;
Бере гөр деп жеңiстi.
Батыр ұлы даланың
Жол бастауға келiстi.
Қалың əскер жиылды,
Жол жүруге түйiндi.
Сонда тұрып жолбасшы
Даласына сыйынды.
«Айналайын Қарақұм,
Құмы от боп жанатын.
Келген жаудың əдейi
Қайырып бер қанатын».
«Айналайын Қарақұм,
Аспаны от боп жанатын


Ұшқан құстың
Үстiнен
Күйдiретiн қанатын».
Деп сиынып жолбасшы,
Қарақұмға жол асты.
Тəуекелге бел буып,
Қолын ерттi қолбасшы.
Жаудың көзi қанталап,
Ентелейдi анталап,
Алда байлық қисап жоқ,
Шап,
Жой,
Қыр да,
Ал талап!
«Бай өлке бұл бiр тұрған,
Дақпырты көп сыртынан...»
Талап əдет еткенде
Жаманы жоқ құлқыннан.
Сауыттары жарқылдап,
Аш иттей көз жалтылдап.
Түске дейiн қалыпты
Бiраз жердi алқымдап.
Жолбасшы нар азамат
Тездетедi мазаны ап.
Асырмақшы амалын
Жау əскерiн жазалап.
«Жедел жүрiп баралық,
Барып ойран салалық.
Батырларға олжа көп,
Кесiп-көсiп алалық».
Деген сайын жұтынып,
Жау əскерi құтырып,
Бiр-бiрiнен озады
Қалатындай ұтылып.


Күн шыжғырды төбеден,
Ыстық едi не деген.
Жолбасшының ақ iсiн
Құптағандай жебеген.
Алда сағым ойнайды,
Бiлмейдi жау ол жайлы,
Салтанатты жап-жасыл
Қала екен деп ойлайды.
Тамшы су жоқ маңайда,
Қолбасшы ойы алайда,
Көлбеген сол сағымға
Тездеп жету қалайда.
Үп еткен жоқ жел деген,
Болдырды аттар шөлдеген.
Төбе тесiп барады,
Қапырық күн
Не деген?
Күн өткенi құлады,
Шөлдеп аттар сұлады.
Жетемiз деп алданған
Жау сағымды қуады.
Шештi көбi киiмiн,
Тастады артық бұйымын.
Қолбасшы да сезедi
Оң емесiн күйiнiң.
Иен жазық маңайы,
Талықсыды талайы.
Жерге түссе табанды,
Құм күйдiрiп барады.
Жау ентелеп қарамай,
Састы амал таба алмай,
Борсып кеткен сулары
Iшуге де жарамай.
Жолбасшы алда келедi,
Сусап таңдай кебедi,


Жауды қалың құмменен
Шөлге бастай бередi.
Алдап соққан ақылды
Жол бастаушы пақырды
Сезiп қалған қолбасшы
Өзiне ендi шақырды.
Өлтiргенмен сезедi,
Ол жазасы кеш едi.
Жолбасшының басын жау
Қылышпенен кеседi.
Тоқ етерi, есебi,
Жолбасшы алды есенi.
Жау əскерiн құм жұтып,
Шөлдеп өлген деседi.
Жолбасшы өшiн алыпты,
Ақ өлiмге барыпты.
Жаудан момын халықты
Арашалап қалыпты.
Бəрi де рас,
Бəрi рас,
Елiн сүйген арымас.
Ол үшiн жан аямас
Батырлардың бары рас...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу