Аңыздар ✍️

  04.06.2022
  178


Автор: Ескен Елубаев

«АЙҒЫРҚҰЛАҒАН»

Бiр шоқыны көрдiм мен,
Аты – «Айғырқұлаған».
Неге олай деп əркiмнен,
Осы жайлы сұрағам.
Бiлетiндер табылмай.
Қызықтырып жүретiн.
Ақыры бiр хикая
Айтты жөнiн бiлетiн.
Дедi: – Əр сай, əр тауға
Атты тегiн қоймайды.
Естушi едiм қарттардан,
Айтайын мен сол жайлы.
Бұл оқиға қайғылы,
Құлағың сал сөзiме.
Бiреудiң бiр айғыры
Болған екен кезiнде.


Жүгiргенде жел жетпес,
Асыл екен тұқымы.
Шоқтығына қол жетпес,
Кесек туған бiтiмi.
Жылқының бұл киесi,
Iшiндегi құты деп.
Айғырына иесi
Жұмсайды екен күтiм көп.
Қызыққандай жұрт қатты,
Айғыр болат тұяқты.
Болса керек тұрпаты
Салған сурет сияқты.
Жүйрiк атқа тым үйiр
Қай кезден-ақ ел деген.
Бiр өзiне
Бiр үйiр
Жылқы берсе,
Бермеген!
Айғыр бастап үйiрiн,
Кетсе өрiске жайылып,
Шет кеткенiн иiрiп,
Жүредi екен қайырып.
Жайылғанда үйiрi,
Айғыр шетте қасқиып,
Күзетедi күн-түнi
Жолатпай түз қасқырын.
Үйiрi үшiн бетпе-бет
Бөрiмен сан айқасқан.
Шыққан кезде жекпе-жек,
Жеңген талай шайқаста.
Күндердiң бiр күнiнде
Айғырды əлгi келiскен,
Иесi ұстап,


Үйiне
Келедi алып өрiстен.
Жал-құйрығын тас түйiп,
Жолаушылап қайтады.
Келсе,
Малға қасқырдың
Шапқанын ел айтады.
Айғырының үйiрiн
Қасқыр қырып кетiптi.
Соған бəрi күйiнiп,
Азан-қазан ел тiптi.
Жылқы екеш жылқы да
Өз үйiрiн қимайды.
Жер тарпып ол жұлқына,
Кең далаға сыймайды.
Айғыр жалғыз азынап,
Кезедi тау, төбенi.
Биiк құздың басынан
Бiр-ақ қарғып
Өледi.
Сол кезден-ақ шоқыны
Атайды «Айғырқұлаған».
Дедi қария отырып:
– Жақсы бiлген,
Сұраған... –
Аянышты тағдырын
Естiп, бiлiп айғырдың,
Сенсеңiздер сол жолы
Көңiл босап қайғырдым...
Жылқысы да осындай
Қасиеттi жердiң кең:
Сондықтан да аңыздың
Негiзiне сендiм мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу