👈 қаріп өлшемі 👉

  Аңыздар ✍️

  04.06.2022
  27


Автор: Ескен Елубаев

АТ БАПКЕРIНIҢ АҢЫЗЫ

Ол кезде бiз баламыз,
Той-жиынға барамыз.
Бiр-бiр атқа мiнiп ап,
Бəйгеде де шабамыз.
Кiмде жүйрiк жылқы бар
Бермейтұғын бəйгенi,
Мақтан етер жұрты бар,
Ауылда сол əйгiлi.
Аты аңыз боп тараған
Бiледi ол жайында,
Бес жастағы бала да,
Сексендегi шалың да.
Əбiқай шал бақытты
Сондайлардың бiрi едi.
Тамсандырып халықты,
Риза етiп жүр едi.
Қуантып дос, туғанды,
Бəйгеден кеп жататын,
Жүйрiк аты шығарды
Аулымыздың атағын.
Əбiқай шал жүйрiгiн
Суытады,
Баптайды.


Екi етпейтiн бұйрығын,
Қалайды мен шапқанды.
Боларда ат жарысы
Үйге келiп тұрады.
Ата-анамнан
Бар iсi:
Менi қолқа қылады.
Кейде тiптi мектепке
Қолқа салып барады.
Мұғалiмнен ептеп кеп,
Менi сұрап алады.
Қолқалаудың мəнiсi –
Менi ертiп жүредi.
Атқа шабу əдiсiн,
Дейдi:
– Жақсы бiледi.
Шапқанға бiр тоймаймын,
Бəйгеге сан бардық қой.
Талай үлкен тойлардың
Жүлделерiн алдық қой.
Көршi ауданға,
Алысқа
Бiрде iлесе барғанмын.
Кезектi бiр жарыста
Аңыз естiп қалғанмын.
Менi Əбекең қасынан
Тастамайды екi елi!
Əңгiмешiл,
Расынан,
Өткендi айтып кетедi.
Қонақ болған жерiне
Елмен бiрге ертедi.
Жылқы малы жөнiнде
Көп əңгiме шертедi.


Осы күнi өзiме
Ұлағатты,
Маңызды
Əбiқайдың есiме
Түседi айтқан аңызы:
– Қазақ деген халықтың
Кең далаға тараған,
Жылқы деген жарықтық
Қанатына жараған.
Қазақ деген халықтың
Жылқысыз еш күнi жоқ.
Қазақ деген халықтың
Жылқысыз еш күйi жоқ.
Iшсе – қымыз,
Жесе – етi,
Мiнсе – жүйрiк көлiгi.
Жылқы малын деседi,
Ер қанаты,
Серiгi.
Сол үшiн де жайылып
Көшiп жүрген заманда,
Көкейлерiн жайылым
Тесiп жүрген заманда.
Өрiс үшiн өшiгiп,
Жауласатын заманда,
Қару сайлап,
Шешiнiп,
Дауласатын заманда
Бəйге алдын бермейтiн,
Бiр жүйрiк ат болыпты.
Сол ат
Ешкiм сенбейтiн,
Бəйге алуын қойыпты.


Бұрынғыдай күтiмi,
Бұрынғыша-ақ баптайды.
Бұрынғыша жұтынып
Бəйгелерде ол шаппайды.
Бəйге аттың иесi
Бас қатырып шығады.
Жылқының бiр киесi
Бар екенiн ұғады.
Күлiмдеп күн атпады,
Тыныш түнде жатпады.
Iшкен асы батпады,
Амалын ол таппады.
Жалшылардан сұрады,
Бұған кiм де кiнəлi.
Малшылардан сұрады,
Бұған кiм деп кiнəлi.
Жалшысының есiне
Түскен екен болған жай.
Айтады оны иесiне,
Кiнəлi боп қалғандай.
Бие сауып жатқанда,
Бəйге аты мазаны ап,
Ызасы əбден батқанға,
Жасқап қалған,
Жазалап.
Бəйге атының осыдан
Кiнəраты ашылды.
Иесiнiң шошыған
Көңiлi де басылды.
Тұлпарлардың кiнəмшыл,
Болатыны белгiлi.
Жылқы малы – шын асыл,
Сыры мəлiм ендiгi.


Ат сыншысы атақты
Айтты оған ақылын.
Мiне, осы шатақтың
Шешiп бердi ақырын.
Ортасынан ойды да
Қара құрым киiздi,
Сол жалшының мойнына
Оны апарып кигiздi.
Сүт толы ыдыс алды да,
Жүресiнен отырды.
Бəйге атының алдында
Ол кешiрiм өтiндi.
Бəйге ат асыл сүйегi
Сонда өкпесiн кешiрген.
Тұлпар сырын бiледi,
Жылқы малын өсiрген.
Содан бастап қайтадан
Бəйге аты əйгiлi,
Оза шауып басқадан,
Бермес болған бəйгенi.
Ат – ақылды,
Ат – естi,
Ешбiр адам өйтпесiн,
Жасамаңдар қате iстi,
Бəйге аты өкпешiл...
Айтты осыны бəрiне
Түсiнсiн деп ұға алған.
Дана,
Көсем қария
Атағын ат шығарған...


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы