Аңыздар ✍️

  04.06.2022
  417


Автор: Ескен Елубаев

БУРА МЕН АТ ХИКАЯСЫ

(Аңыз)
Келе жатқан ескiден,
Бұл бiр көне жыр едi.
Қытымыр да, сестi де,
Бiр бай өмiр сүредi.


Қора-қора қойы бар,
Үйiр-үйiр жылқысы,
Қамсыз өтер жайы бар,
Өмiр бойы бұл кiсi.
Аз да емес сиыры,
Жетiп жатыр түйесi.
Қауым жұртты үйiрiп,
Қан қақсатқан бiр өзi.
Бiрi қойын бағады,
Бiрi жылқы соңында.
Қайтсе байға жағады –
Осы-ақ жұрттың ойында.
Көп малының iшiнде
Бурасы бар атақты.
Қорқынышты түсi де,
Салып жүрген шатақты.
Бүкiл ауыл қорқады,
Жақындауға бураға.
Жүрдi ол салып сойқанды,
Ал ашуын сұрама.
Лайық iс күлерге,
Айтсақ сөздiң турасын.
Қожа болды бiр елге,
Иесi мен бурасы...
Ештеңеде ойы жоқ,
Тамашалап алқапты,
Бiрде мұнда жолы боп,
Келе жатты салт атты.
Жүрген шетте жайылып,
Бура сырын бiлмейдi.
Шыбын,
Сона жабылып,
Астында аты билейдi.


Бура көрiп аттыны,
Тура жанап келедi.
Жынын шашып,
Шабынып,
Қуып, жөнеп бередi.
Жолаушы да жалма-жан
Атқа басты қамшыны.
Өзiнде үрей қалмаған,
Ғажап емес жаншуы.
Бура артта, ат алда,
Келедi ұшып құйын боп.
Екпiндерiн атама,
Барады жай қиын боп.
Бiр сəт аты кейiнге
Тартынғандай, сезедi.
Қуып жетсе тегiнде,
Екеуiн де езедi.
Үйге жетiп жанаса,
Аттан түстi ақырын.
Мiне, сұмдық, қараса,
Құйрығы жоқ атының.
«Бура жұлып тастаған!»
Деп ойлады iшiнен.
«Болдық, – дедi – масқара,
Ұят көрген кiсiден...»
Атын байлап қазыққа,
Бай үйiне кiредi.
Жайын айтса, мазақ қып,
Бай қарқ-қарқ күледi.
Қорланып ол, қызынып,
Тысқа шықса – аты жоқ.
Шылбыр жатыр үзiлiп,
Қолды деуге қақы жоқ.


Сөйтсе аты өшiгiп,
Бураны iздеп кетiптi.
Өрiсiнде кезiгiп,
Бастан теуiп өтiптi.
Оны сөйтiп өлтiрiп,
Бурадан кек алыпты.
Ақылды атты ел бiлiп,
Аңыз-жыр боп қалыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу