Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  92


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҚОЛ

Қолды көрсем тиын-тебен санаған,
Қолды көрсем тек ет жеуді қалаған,
Əлгі қолдар итке ұқсайды қабаған,
Қойдай болам қорасында талаған.
Қолы қысқа қол жинаса тертеге,
Ұрлықшының қолын кескен ертеде.
Қолдың орны айырықша қалайда
Қолтығы кең ұлан-байтақ өлкеде.
Осы қолдың жері бар ма бармайтын,
Күні бар ма қи-қоқысты алмайтын.
Олай болса, қусырғанда қос қолды,
Өзімізді өзіміз ғой алдайтын.
Кір көп жерге мұрын басып, кірмейсің,
Табан, қолтық, кіндік асты кір дейсің.
Оның бəрі жөн-ақ шығар, алайда,
Ең ласы қол екенін білмейсің.
Осы қолмен пара беріп, пара алып,
Қолдың ұшын делдал қылдық аралық.
Екі қолдың көрген дұрыс қызығын,
Жүргеннен соң адам болып жаралып.
Қолдар болған нық ұстаған алдаспан,
Қолдар болған жең ұшынан жалғасқан.
Қарақшының қолы ұстаған қанжар да
Қайраткердің жүрегіне жармасқан.
Қолмен кейде арам аузын бет қылам,
Қол көбейсе, қолбасыдай шеп құрам.
Қол көтерсе жиындарда жағымпаз,
Ең лас қол сол шығар-ау деп тұрам.
Қолдың кірі жуса кетер, бар ма айып?!
Арам қолды адал қол деп қалмайық.
Ізгі болсын күш-қуатым қолдағы,
Жаратқаннан тілерім сол қол жайып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу