Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  152


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ЕЛУГЕ КЕЛСЕМ...

Еңкеймей енер елуге келсем еңселі,
Адалдық болды өмірдің өткен өлшемі.
Байлықты қуып, мансапқа құл боп жүрмедім,
Қызметіммен көркейткен жоқпын кеңсені.
Шабытты шақта шымырлап шыққан өлеңдей
Елу дегенің жас емес қалар еленбей.
Артыма, бірақ, алаңдап қарай беремін,
Борышым көп қой əлі де жатқан төленбей.
Жаралған болсаң тамыры терең намыстан,
Асықтырады қол бұлғап арман алыстан.
Ұзақ түндерде көз ілмей таңды атырам,
Қысқа ғұмырда құтылу қиын борыштан.
Созылар жолдар бұралаң, бұдыр əрі ұзын,
Менің де, сірə, қалдырған айқын бар ізім.
Көтерсем болды тағдырдың салған салмағын,
Өтелсе болды мойнымда қалмай қарызым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу