Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  76


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Ақын жаны қандай күйді қалайды...

Ақын жаны қандай күйді қалайды,
Қандай сəтте өлең жазған қолайлы?
Деген сауал қойып маған достарым,
Жауап күтіп, ауызыма қарайды.
Мезгілі бар тасу менен бұрқаудың,
Мезгілі бар зор дауыспен шырқаудың.
Ел айтады: қуанғаннан кенеттен
Тілі шығып кетіпті деп мылқаудың.
Дəурені өткен зар заманда кешегі,
Мандайының болып соры бес елі,
Ал біреулер жылай-жылай қайғырып,
Көз жасынан көр боп қапты деседі.
Көңіл мезгіл талғайды екен, не керек,
Ойдың бұлты тұрмайды екен себелеп.
Жырларым бар көз жасына шомылған,
Жырларым бар қуанышты керемет.
Бұл өмірдің баратынын қайда алып
Алдын ала айту қиын ойланып.
Кейде жүрек ағыл-тегіл жыр төгіп,
Кейде тілім қалады ғой байланып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу