Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  139


Автор: Ақылбек Шаяхмет

АҚШАҒА ЖАЗҒАН ЖЫР

Жүрмін бе басып əр ізді,
Тумай-ақ қойды ойлы өлең.
Аңсатып, əбден шаршатып,
Күтпеген қонақ тəрізді
Келсе ғой жетіп ой деген.
Ғажайып өлең күттім бір,
Ақынның жырсыз күні не?
Не керек?
Кенет керемет
Тіркестер ойлы, жұп-жұмыр
Оралды келіп тіліме.
Қаламды қолға ұстап ем,
Жазатын қағаз таппадым.
Балғасын алған жоғалтып
Тең болдым мен де ұстамен,
Аңырып барып тоқтадым.
Жетпекші болып ниетіме
Қалтамды тінтіп қолдарым,
Тар шақта тиген саусаққа
Үш сомдық ақша бетіне
Түсірдім жырдың жолдарын.
Еске алсам сонда өткенді,
Ілмеді-ау ешкім көзіне,
Əдейі барып дүкенге,
Əдемі қойын дəптерді
Алғанша сатып өзіме.
Кітапқа шыққан жырымды
Сыншының бəрі мақтады,
Бас шайқап, қағып таңдайын,
Ұққандай барлық сырымды,
Сынайтын сөз де таппады.
Кейін де талай туды жыр,
Тайынбас судан шешінген.
Əн-жырым!
Менің тағдырым,
Ақшаға жазған сол бір жыр
Кетпейді мəңгі есімнен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу