Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  84


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҰРПАҒЫМЫН ЕР ТҮРІКТІҢ

Пайғамбардан бірер күн соң туыппын,
Əкемізден бір мысқал кем туыппын,
Атамыздың істеген ісін естіп,
Жетемін деп соларға ентігіппін,
Ерітіп жеген майдай, жұққан балдай,
Дəмін де татып көрдім еркеліктің,
Жарқырап шыққан күндей, атқан таңдай,
Сəулесін жақсылықтың ерте күттім.
Жұлдызға түнде қарап жатқан жандай
Мəн-жайын тіршіліктің келте ұғыппын.
Сынбайтын жуан ағаш секілді едім,
Жол бойы жона-жона кертіліппін.
Қатысып ұлан-асыр жарысқа да,
Қолынан қарақшының мертігіппін.
Жемісін еңбегімнің көремін деп,
Сыбанып білегімді, тер төгіппін,
Жолыма қаншама жан алаңдаулы?
Түспедім ықпалына боркеміктің,
Соншама маған қастық қылатындай,
Кімдердің əкесін мен өлтіріппін?!
Үкімет асыранды қаздай қылды,
Ұлитын орман жаққа бөлтірікпін.
Тіліме ешкім бұғау сала алмайды,
Шабытым тасқан шақта серпіліппін.
Сұрамас ешкім батып ердің қасын,
Астымда қас тұлпары еркіндіктің,
Бəрібір, сөзім айқын, үнім басым,
Дұшпанды тəубасына келтіріппін,
Жас талдай жауыннан соң бойды тіктеп,
Жайқалып жапырағым, желпініппін,
Талайдың қабырғасын қақыратқан,
Ұрпағы емес пе едім ер түріктің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу