Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  91


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жол түскенде мұнда жиі келуші ек...

Жол түскенде мұнда жиі келуші ек,
Неге сонша шамданасың, келіншек?
Аңқылдаған əппақ көңіл емес пе,
Өзгелерге аңқау болып көрінсек.
«Жаман қазақ болады, – деп, – еріншек,
Жаман қатын келеді, – деп – көңілшек»,
Жастықты алып, жантайыпты көрпеңе
Босағадан кеше аттаған келімсек.
Əн төгіліп жататұғын шаңырақ
Енді мүлде қалған-сынды қаңырап.
Көкке көптен тойынбаған қозы-лақ
Енесіне қосылмайды жамырап.
Төрде жатып, түсінбесе тілімді,
Місе тұтпай, қазбаласа мінімді.
Кеуде керіп, мазақ қылса дінімді,
Кімге керек мұндай əккі, жырынды.
Қанша отауым шайқалды да, бүлінді,
Қанша мəңгүрт шашты менің күлімді.
«Надан қазақ» – деп кемсіткен бабамды,
Нені үйретті көздері ашық «білімді».
Келген қонақ құт болсын де, келіншек,
Отауыма бақ қонсын де, келіншек.
Өзіңді де, сөзіңді де түсінер,
Аяулы жар тап болсын де, келіншек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу