Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  89


Автор: Ақылбек Шаяхмет

АҚҚУЛАР МЕН ҚАРҒАЛАР

Қала үстінде қарқылдайды қарғалар,
Күнін көріп жүрген шығар зорға олар.
Аққуы бар, көп қуы бар қалада
Саумал көлден дəме қылар қарға бар.
Ал аққулар қанаттары кесілген
Ұша алмайды жасанды көл төсінен.
Кім ойлаған баста еркіндік тұрғанда
Қарғамен бір болады деп несібем.
Қарны тойса қарқылдайтын қарғаның
Қанатында тұрған-сынды сор қалың.
Ұға ала ма?
Ұға алмайды ол ешқашан
Аққу құстың ақша бұлттай арманын.
Ал аққулар қанаттары кесілген
Ұша алмайды жасанды көл төсінен.
Ақ мақтаға жұққан қара күйедей
Сол көрініс шықпай қойды есімнен..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу