Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  80


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Ашпайсың маған кейде, өмір, есік...

Ашпайсың маған кейде, өмір, есік,
Сүйсем де мен өзіңді өліп-өшіп.
Біреуге барам сосын ісім түсіп,
Жүремін біреулермен керілдесіп.
Жүрсем де тіршілікте көрмей тыным,
Білсем де жырларымның өлмейтінін.
Жанымды біреулер бар көрмейтұғын,
Семсерін біреулер бар сермейтұғын.
Сезімді жүрген жандар тəрік қылып,
«Ақылға» қоймақ мені қарық қылып.
Не барын білер еңдер, көрер еңдер
Жүректі қарасаңдар жарып, тіліп.
Жатса да тағдыр маған салып құрық,
Айтармын пікірімді анық біліп.
Жүрегім қасиетті, жарықтығым,
Тұрады төңірегін жарық қылып.
Ашпасаң, ашпай-ақ қой, өмір, есік,
Тербетер тынбай, бірақ көңіл – бесік.
Тұрса да күн шыжғырып, желің есіп,
Бəрібір, сүйем сені өліп-өшіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу