Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  60


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Қозыдай-ақ байланған көгендегі

Қозыдай-ақ байланған көгендегі
Байлап алды жібермей өлең мені.
Жай жатпады ол, шіркін, көкке қарғып,
Жақсы, жаман – барлығын көрем деді.
Көрем деді, жақсыға сенем, – деді,
Жамандықты мүйіздеп берем, – деді.
Тың-тыңдап, едірейтті қос құлағын,
Жан-жағын барлай қарап, елеңдеді.
«Алмайды шешіп неге енем мені?» –
Деп қозы маңырады көгендегі.
Мен де бір қозың едім көңілдегі,
Ешқашан тастамашы, өлең, мені?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу